Тәуелсіздігіміздің арқасында бұрынғы бұрмаланып жазылған тарих нақтыланып жаңаша деректермен толықтырылуы бүгінгі ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда өте маңызды. Тарихтану процесінде ғылыми ұстанымдар мен көзқарастарды қайта қарау мен өркениеттілік пен жүйелік тұрғысынан зерттеу мәселесі кәсіби тарихшылар арасында кеңінен талқылануда. Елімізде бірінші рет 1997 жылы «Қоғамдық желісін және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жылы «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», 1999 жылы «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп аталды. Бұл жылдар аралығында да ұлттық тарихымызды түгендеуге зор мән берілді. Сөйтіп әрбір жылдағы жинақталған материалдардың негізінде 1999 жылы «Тарих толқынында» кітап жарық көргенін білеміз. Осы жинақталған еңбектерінен кейін құнды материалдардың негізінде елімізде бірінші рет 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік.
Бұл - ұлттық таным-тарихымызды терең зерделеп, құнды жәдігерімізді ел жадында қайта жаңғырту еді. Жалпы бүгінгі таңда қазақ тарихында қазақ хандығы аса қуатты мемлекеттік құрылымның бірі ретінде маңызды рөл атқарып келеді. Еліміздегі келесі жылы қазақ хандығының 570 жылдығын атап өткелі тұрмыз.
Қазақ халқының құрылған уақытын мемлекеттік деңгейде жыл сайын атап өтіп, оның тарихын халықтың арасында жан-жақты насихаттау идеологиялық бағытта ұлттық мемлекеттіліктің және отаншылдықтың нығаюына тікелей септігін тигізіп қана қоймай, қазақстандықтардың бойындағы мемлекеттік ой-сананы бекітіп, егемендігіміздің қуатты тұғырын арттыра түсетіні анық. Осылайша Қазақ хандығы біріншіден, қазақ даласында өмір сүрген қағанаттар мен мемлекеттердің заңды мұрагері болса, екіншіден, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрылуына тарихи сабақтастық ретінде идеологиялық тұрғыдан бірден-бір негіз қалады. Мемлекет басшысы Ұлытау төрінде берген сұқбатында «Қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасатынын, одан кейін Алтын Орда орнығып, әрі қарай хандық дәуірге ұласатынын және біртіндеп бүгінгі Тәуелсіздікке келіп тірелетінін» атап өтті. Қазақ хандығының құрылуын мемлекеттіліктің дамуы тұрғысынан қарастырсақ, онда ол жалпылама түрде Қазақстанның ежелгі тарихындағы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, ерте ортағасырдағы Түрік, Батыс түрік, Түркеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахан одан кейінгі Алтын Орда және Ақ Орда мемлекеттерінің тарихымен тікелей байланысты.
Бұл мемлекеттердің атаулары әртүрлі болғанымен оларға ортақ тән нәрсе бір аймақ пен сол жерде өмір сүрген ру-тайпалармен тайпалық бірлестіктердің тегі мен тілі, шаруашылығы мен мәдениеті, діни-рухани жағынан ортақтығы жатты.
Сонымен XY-XIX ғасырлар арасын қамтыған қазақ хандығы Қазақстан тарихында ерекше орын алып қоймай, осы кезеңде қалыптасқан ұлттық сана мен халықтың өзіне тән ерекшеліктері қазіргі біздің қоғаммен тікелей ұштасып жатыр. Сонымен қатар сол кезде өмір сүрген хандар мен сұлтандар, батырлар мен билер, бектер мен әмірлер, ақындар мен жыраулар, абыздардың жүріп өткен іздері және ерлікпен қазақ халқының мүддесіне сай қызмет ететін, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру жоспары да қазақ хандығымен байланыста дамыған. Осылайша жоғарыда айтылған ойларымыздың бәрін қорытындылай келе, қазақ хандығының құрылуы - Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі деп есептеліп, сол кезде басталған этникалық дамуларды қазіргі уақытта ұлттық деңгейге жеткізіп, қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына ықпалын тигізіп, Қазақстан Республикасы деп аталатын 33 жыл жаңа тәуелсіз мемлекеттің құрылуына негіз қалап, идеологияның тарихи өлшеміне айналды.
Н.К. Кисметов,
Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық
жүйелер университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының кандидаты