БҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева мен Сергей Ершов өңіріміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде болып, ғылым мен инновациялық процестердің дамуының үлгісі болып табылатын оқу орнының тың жаңалықтарына куә болды.
Алдымен депутаттар оқу орнындағы құқықтану факультетін аралап, генерал-майор Р.Қайдаровтың атындағы оқу-криминалистикалық орталығының жұмысымен танысты. Криминалистикалық полигон, арнайы сот отырысы өтетін мамандандырылған аудитория, екі криминалистикалық полигон, сот сараптама және медициналық бөлмелерді аралаған депутаттар жаңашылдығымен танымал оқу орнының әлеуетінің зор екеніне куә болды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде сот жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыруды және халықтың сот билігіне сенімін арттыруға бағытталған шаралардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.Сол себепті елімізде құқықтық білімді, құқықтық сана мен тәрбиені қалыптастыруда заң факультеті ұстаздарының еңбегі ерекше. Осы орайда Қазақстан инновациялық жәнетелекоммуникациялық жүйелер университетінің Заң факультетінің ұжымы бұл жауапкершілікті терең сезінетінін аңғардық, – деді факультет ұстаздарымен тілдескен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Тұрсынұлы. Меймандарға факультеттің тынысын таныстырған «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Анархан Құттығалиеваның айтуынша, 2014 жылдан бері елімізде Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің ұлттық рейтингі құрылған. Жыл сайын Жоғарғы оқу орындарының арасында білім бәсекесін таразыға салатын агенттік жақында Жайық жұртын тағы бір жаңалығымен қуантыпты. Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті 20 үздік жоғарғы оқу орындарының құрамына еніп, 13-орынды иеленген. Соның ішінде 623 студентке заң саласында білім беріп жатқан құқықтану факультеті Қазақстандағы жетекші жоғарғы оқу орындарының арасында бесінші орынға жайғасып, заңгерлік бағытта сапалы маман кадрларды дайындауда өңіріміздегі жоғарғы оқу орындары арасынан үздік деп танылған. Бүгінгі таңда аталмыш заң факультетінде 42 оқытушы білім береді. Кафедраның ғылыми дәрежесі де осал емес. 7 ғылым докторы, 20 ғылым кандидаты, 9 магистрі, 6 аға оқытушысы бар. Жыл сайын құқықтық зайырлы қоғамның тұтқасы болар түлектер тәрбиелеп шығаруда факультет ұжымының еңбегі ұшан-теңіз.
Бұдан соң депутаттар оқу орны жанындағы Студенттер сарайында профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті. Жиында «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов оқу орнының бүгінгі тынысымен таныстырды. ҚР Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов жоғары оқу орындарының сапасын арттыру, ұстаз мәртебесін көтеру жайына кеңінен тоқталды. – Қазақстан ұлттық инженерлік академиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде ашылды. Бұл оқу орнында мамандар дайындауға базалық жақсы жағдай жасалған. Жаңа деңгейдегі құрал-жабдықтармен қамтылған. IT-технологиясы мүмкіндігі негізінде құрылған Хай-тек, робототехника лабораторияларын, күн, желден энергия алудың ашық алаңын, күн энергиясын пайдалану жобасын, баламалы энергияны өндіріске, тұрмысқа пайдалану лабораториясын ерекше айтуға болады. Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру, автоматтандыру, ақпараттық жүйелер, радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандықтары бойынша лаборатория базасы толығып, Батыс Қазақстан облыстық телекоммуникация, байланыс мекемелерінде тәжірибе өткізу жүйелі қолға алынған. Биыл Жастар жылы ретінде белгіленді.Жастарға тікелей қатысы бар тұрғын үй қолжетімділігі, жоғары білім сапасының артуы мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту басты назарда. Ел болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Сол себепті ізденіп, толыққанды білім алуларыңыз керек. Оқу орнында бұл үшін сіздерге бар жағдай жасалғанын көрдік. Бұл тұрғыда Ақсерік Сарыұлының еңбегі зор. Бұрынғыдай дипломды сатып алу деген болмайды. Жастар оңай жолмен байып кетуге ұмтылмаңыздар. Адал еңбек етіп, терең білім алғандар көштен озатын заман туды» –деді Бақытжан Жұмағұлов кездесу барысында. Бұдан соң сөз алған депутат Динар Нөкетаева +Жайықтың экологиялық ахуалы туралы ойымен бөлісті.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА