12.04.2019 жылы Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламасының жарық көргеніне екі жыл толуына орай және «Жастар жылы» аясында «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің ұйымдастыруымен «Инженерлік ғылым, жастар және ғарыш – Қазақстан мен Ресей арасындағы халықаралық байланыстардың инновациялық дамуының негізгі факторы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Исқалиев жиналғандарды өңір басшысы Алтай Көлгіновтың атынан Ғылым қызметкерлері және Бүкіләлемдік авиация және космонавтика күнімен шын жүректен құттықтады.
Жиында Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы Батыс Қазақстан филиалының төрағасы, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, академик Ақсерік Әйтімов «Инженерлік ғылым – Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы Қазақстан Республикасының технологиялық серпілісінің факторы ретінде» тақырыбында баяндама жасап, өңір жастары арасында робототехника мен ғарыштық технологияларды насихаттауда оқу орнының демеушілік етуімен түрлі деңгейдегі чемпионаттар, көрмелер ұдайы ұйымдастырылатынын және бұл істе академиялық серіктестер, яғни ресейлік алдыңғы қатарлы оқу орындары өкілдерінің ғылыми-әдістемелік көмегі зор болғанын жеткізді.
Шара барысында РФ Орал қаласындағы бас консулы Андрей Батманов, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің және Хьюстон университетінің (АҚШ) профессоры, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің академиялық ректоры Юрий Афонин, Ресейдің философия ғылымдарының докторы Фарах Сухейль тағы басқа да шара қонақтары сөз алып, ғылым мен инновацияның келешегі туралы жаңалықтарымен бөлісті.
Бұл күні білім беру саласындағы айрықша еңбегі үшін «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің оқытушылары Альфия Қарыбаева «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алғыс хатын иеленсе, Алмажай Иманғалиева «Ұлағатты Ұстаз», Тұрсынгүл Душаева «Үздік педагог», Гүлзада Ізтелеуова, Ажар Есенбекова, Әлия Сарекенова, Дина Аксенова, Мира Гусманова, Дулат Жаманғарин «Қазақстанның үздік ұстазы» төсбелгілерімен марапатталды.
Жиын соңында Ресейдің «Дубна» мемлекеттік университеті мен Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Екі күнге созылатын конференция түсауа аталмыш ғылыми-білім кешенінде секциялық отырыстарға жалғасты.