Created: 21 Қараша 2025
12

Білім мен тәжірибенің байланысын нығайта отырып: Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті мен Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық статистика бюросының Басқармасы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылу шарасы

2025 жылғы 17 қараша күні Орал қаласында “Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті”  ғылыми-білім кешені мен «Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық статистика бюросының Басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға ресми түрде қол қойылды.

Құжатқа университет ректоры Әліби Науханұлы Баяхов пен Басқарма басшысы Болат Тілеуғабылұлы Мешелов қол қойды.

Меморандум экономика, статистика, деректерді басқару және өзара қызығушылық тудыратын басқа да бағыттар бойынша жоғары білікті мамандар даярлаудың сапасын арттыруға, стратегиялық серіктестіктің негізін қалауға бағытталған.

Келісім шеңберінде тараптар келесі негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға келісті: 

— университеттің студенттері мен магистранттары үшін Басқарма базасында оқу және өндірістік тәжірибе ұйымдастыру; 

— мамандыққа бағдарлау кездесулері, кәсіби қауымдастық өкілдерімен диалог алаңдары, жұмыс берушілермен кездесулер мен вакансиялар көрмесі сияқты кәсіби шаралар өткізу; 

— білім беру бағдарламаларын жаңарту мен жетілдіруге ықпал ететін ақпараттық және әдістемелік материалдармен алмасу; 

— түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал ету, соның ішінде аймақтық еңбек нарығында кәсіби біліктіліктердің қажеттілігін бақылау мен талдау арқылы.

Меморандумға қол қою — жоғары білім жүйесі мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтудың маңызды қадамы болып табылады. Бұл үдеріс студенттердің қазіргі заманғы диджиталдық және аналитикалық экономика талаптарына сәйкес практикалық, кәсіби дағдыларын қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Тараптар бұл серіктестік жас мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, аймақта статистикалық және аналитикалық жұмыстардың сапасын арттыруға және мемлекеттік басқару саласына білікті, ынталы кадрларды тартуға үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.