08.10.2025ж. күні Батыс Қазақстан облысы бойынша қаржы мониторингі агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті «Құқықтану» кафедрасының қолдауымен университетімізде Экономикалық тергеу қызметінің оқу кабинетінің ашылу салтанаты оздырылды.
Экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл саласында студенттерді практикалық даярлау, студенттерге сотқа дейінгі тергеу әдістемесін, заңсыз кірістерді анықтау тәсілдерін, сондай-ақ қаржы-экономикалық саладағы қылмыстарды тергеу ерекшеліктерін зерделеуге мүмкіндік беру. Сонымен қатар, университетіміздің микробіліктілік (микроквалификация) бағдарламасы аясында болашақ экономикалық тергеу мамандарын даярлау мақсатын көздеген іс шараға Батыс Қазақстан облысы бойынша қаржы мониторингі агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеу қызметінің полковнигі Әбенов Асқар Ғабиденұлы, орынбасары Кенжебаев Жандос Садықұлы және Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры Баяхов Әліби Науханұлы, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында Экономикалық тергеу қызметінің оқу кабинеті салтанатты түрде ашылды. Университетіміздің ректоры ұжым атынан қонақтарға ризашылығын білдіріп, шараның мән-мағынасына тоқталды. Әрі қарай сөз сөйлеген Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Әбенов Асқар Ғабиденұлы және орынбасары Кенжебаев Жандос Садықұлы шараның мақсатын атап өтіп, Университет басшылығына қолдау білдіргені үшін зор алғысын білдірді. Мұндай оқу кабинетінің облысымызда ЖОО ішінде алғаш рет ашылып жатқандығын айтты. Университетіміздің оқу-ісі жөніндегі проректоры А.М.Аймаганбетова университетіміздің микробіліктілік (микроквалификация) бағдарламасы аясында болашақ экономикалық тергеу мамандарын даярлаудың маңыздылығына тоқталып, аталған департамент қызметкерлері мен университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен бірлесе оқыту үшін дайындалған бағдарлама дайындалғанын атап өтті. Сөз алған «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Д.А.Журинов бірлесе жұмыс жүргізетіндігін жеткізіп, қонақтарға зор ықыласын білдірді. Студенттер тақырып бойынша қонақтарға сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісті.
Жиын соңында Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Әбенов Асқар Ғабиденұлы мен Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры Баяхов Әліби Науханұлы өзара серіктестік және ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Қатысушылар естелік суретке түсіп, қуанышты көңіл күйде тарасты.
«Құқықтану» кафедрасы
