«Цифрландыру және жасанды интеллект жағдайындағы инженерлік ғылым мен білімнің даму мәселелері мен болашағы»
тақырыбындағы
XVII Халықаралық ғылыми НАДИРОВ ОҚУЛАРЫНЫҢ пленарлық отырысы
2025 жылдың 10 қазаны, Орал қаласы.
2025 жылдың 10 қазанында «Атамекен» мәдениет сарайының Үлкен концерт залында XVII Халықаралық ғылыми НАДИРОВ ОҚУЛАРЫНЫҢ пленарлық отырысы өтті. Шара Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құрылтайшысы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, академик Әйтімов Ақсерік Сарыұлының 75 жылдық мерейтойына арналды.
Ғылыми конференцияға Ақсерік Сарыұлы Әйтімовтің өзі модераторлық етіп, ауқымды форумға қатысушыларды жылы лебізімен қарсы алып, сәттілік тіледі. Конференцияның мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында инженерлік кадрларды даярлаудың өзекті мәселелерін талқылау, сондай-ақ инновациялық технологияларын дамыту мен игеру үшін тиімді диалог алаңын құру.
Конференцияға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық университеттер ұйымдастырды. Конференцияға Қазақстаннан және шетелден ғалымдар, докторанттар, магистранттар, аспиранттар, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы мен колледждердің оқытушылары, мектеп, лицей, гимназия мұғалімдері, жас зерттеушілер мен студенттер, қоғам қайраткерлері, атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері, сондай-ақ жетекші бизнес өкілдері қатысты.
Конференция қатысушыларына құттықтау сөз мемлекет және қоғам қайраткері, Жоғары білім мен ғылымның ірі ұйымдастырушысы, ҚР Ұлттық инженерлік академияның Президенті, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан және Түркі әлемі Математиктері қоғамының (TWMS) Президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов сөйледі.
Одан кейін сөз кезегі Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы Төреғалиевке берілді. Дегенмен, оның орнына облыс әкімінің орынбасары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі мен Батыс Қазақстан облысы әкімінің атынан құттықтау сөздерді оқып, құттықтау сөз сөйледі.
Келесі сөз кезегі химия ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, «Мұнай және газ» журналы редакциялық алқасының мүшесі, Халықаралық инженерлік академиясының академигі (Алматы қаласы) Ариф Нәдірұлы Надировке берілді.
Құттықтау сөзін Әзірбайжан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, Әзірбайжан Қарулы Күштері Бас штабы Бас операциялық басқармасының бастығы генерал-майор Эльбрус Оруджев жасады. Өз сөзінде генерал-майор қонаққа шақырғаны үшін алғыс айтып, мәртебелі мейманды мерейтойымен жылы лебізімен құттықтады.
Құттықтау сөздерден кейін конференция өз жұмысын бастады. Темірбеков Нұрлан Мұқанұлы «Разработка прогнозно-поисковой ГИС для выделения рудоперспективных объектов методами искусственного интеллекта» тақырыбында, Шункеев Куанышбек Шункеевич «Жобаланған физика-химиялық және люминесцентті қасиеттерге ие болатын сілтілі галоидты қосындылар негізінде сцинтилляциялық кристалдарды өсіру технологиясын дамыту(жасау)» тақырыбында, Қарымсақов Тимур Сәдуақасұлы «Цифровизация интегрированного газохимического комплекса КРІ Inc.» тақырыбында, сондай-ақ, Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі Баяхов Әліби Науханұлы «Ғылым мен білім: Цифрлық технологиялардың даму жағдайындағы ҚР ҰИА Батыс Қазақстан филиалының Жастар қанаты» тақырыптарында баяндама жасады.
Пленарлық мәжіліс облыс пен еліміздің ғылыми және білім өміріндегі айтулы оқиғаға айналған және ғылыми ынтымақтастық пен конструктивті пікір алмасу жағдайында өтті. Конференция жұмысын секциялық отырыстар форматында жалғастырды.
