Created: 12 Қараша 2024
51

“Құқықтық тәрбие-құқық бұзушылықтың алдын алу”

Әрбір адамның өмірде толыққанды тұлға болып қалыптасуында құқықтық тәрбиенің алар орны ерекше. Тәрбиенің сан қырын қарастырсақ та құқықтық тәрбие, құқықтық сауаттылық көш ілгері болмақ.
Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе бүгінде көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылуда. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.
Жастар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мен олардың құқығы, есірткі мен нашақорлықты болдырмау жұмыстары аясында Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің студенттері университет ректорымен және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесті.
Аталған іс-шараға университет ректоры Баяхов Әліби Науханұлы, Облыстық прокуратура басқармасының бастығының орынбасары Самигуллиев Кайрат Маратович, Абай Пб ЖПҚб ЮПТ аға КІТЖ УПИ полиция капитаны Каирова Айман Женисовна, Полиция департаментінің Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция подполковнигі Мурзабаева Эльмира Жақсылыққызы және оқу орнының 130-ға жуық бірінші курс студенттері қатысты.
Кездесу барысында студенттерге құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың алдын алу, есірткіні, оның ішінде синтетикалық есірткіні қолданудың зияны туралы түсіндірді.
Сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілік қарастырылғаны туралы еске салды. Полиция қызметкерлері қатысушыларға нашақорлықтың алдын алуға бағытталған түрлі бейнероликтерді көрсетті.
Жастар іс-шараны ұйымдастырушыларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға толық жауаптар алды. Студенттер өзекті және танымдық кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдірді. Тәртіп сақшылары жастарды салауатты өмір салтын ұстануға және жаман әдеттерден бас тартуға шақырды.