Создано: 25 ноября 2019
1873

ҚазИжТЖУ-де студенттік медиация кабинеті ашылды

    Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ақан Жұмағұлов Қазақстандық инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіндегі медиация кабинетінің ашылу салтанатына қатысты.

Ашылу рәсіміне БҚО медиаторлар одағының төрайымы Алуа Ракишева және ҚазИжТЖУ-нің  ректоры Әліби Баяховтың қатысуымен  өтті.

ЖОО-да медиация кабинетін ашу «Татуласу сотқа дейін, сотта» атты бағдарлама аясында облыстық сот басшылығының бастамасымен жүзеге асырылды.

Орталықтың мақсаты - жастар арасындағы шиеленісті азайту, оларға дауды шешудің оңтайлы тәсілдеріне бағыттап отыру. Кабинеттің жалпы жағдайы тараптарды психологиялық тұрғыдағы сабырлыққа шақырады.

"Татуласу кабинеттері негізінен студенттік қауымдастыққа бағытталған, себебі жастар арасындағы қақтығыстар жиі және қиын шешілуі мүмкін. Бұл жерде студенттерге тегін заң көмегі, медиативтік процедуралар мен қажетті нормативтік-құқықтық әдебиеттер ұсынылады" - деп атап өтті Ақан Жұмағұлов.

Алуа Ракишева, медиация орталықтарын ашу уақыт талабы екенін айтты. Студенттер арасында, сондай-ақ ұжым мүшелерінің арасында жанжалдар тумай тұрмайтындықтан, оқыту мекемелерінде де медиация кабинетін ашу қажеттілігі туындап отыр. Осы орайда медиация кабинетінің жанжалдарды шешудің дұрыс жолы болып табылатынын айтты. Бұл жерде медиаторлар өзара тиімді шешімге қол жеткізу үшін тараптармен келіссөз жүргізетін болады.       

Өз кезегінде Әліби Науханұлы сот қауымдастығына кабинеттерді ашу кезінде практикалық көмек көрсетуде алғысын білдіріп, реформаларды жүзеге асыру кезінде одан әрі көмек көрсетуге дайын екендігін білдірді.